Мәулімберді қауымындағы құлпытас

БҚО, Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылдық округі аумағындағы Мәулімберді аталатын көне қоныс Базартөбеден 13 шақырым қашықта орналасқан. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл жерде ХІХ ғасырда осы аймаққа белгілі діни оқу орны – үлкен медресе болған, дін ғұламалары мекен еткен. Мәулімберді мешітінің орны сақталған. Бұл жерде 100-ге жуық көне құлпытас сақталған, толығырақ зерттеуді қажет етеді.
Біз пішіні ерекшелеу келген, дөңгелек ескерткішке тоқталамыз:
1. «Әл-мархум әл-мағфур («марқұм болған, кешірілген» мағынасында – Қ.Қ.);
2. Тана руы Қалқаман тайпалы
3. Айтқұл бөлімі Баймат Қалдаманұлы
4. 40 ж («жасында» дегені болу керек – Қ.Қ.) 1902 йылы * (сөйлемді айыру үшін салынған жұлдызша белгі – Қ.Қ.) Қадырғали Баймат
5. Ұлы 19 ж 1919 йылы * Тас қойды
6. Баймат әйелі Орынбай»
Түсініктеме: құлпытас Кіші жүз, Байұлы, Сұлтансиықтан тарайтын әкелі-балалы екі адамға арналған. Ескі және қазіргі жазу стилі аралас («жасында» және «йылы») қолданылыпты. Ерекшелігі – бұл белгі әйел адамның атынан орнатылған. Әдетте мұндай жағдай сирек кездеседі.
Мәулімберді қауымына жол бастап, көрсетуші – Орал қаласында тұратын ардагер өлкетанушы Әленғали Кереев.