Бақытбек Кенешұлы. «Жеңісіне жер алған Жетпіс балуан»

Қазақ даласы қай уақытта да орасан зор қара күш иесінен, батырлар мен палуандардан кенде болмаған. Есімі елімізге мәшһүр атақты Балуан шолақ, өнерімен әлем жұртын таң қалдырған Қажымұқан Мұңайтпасов немесе журналымыздың осы санында жария болып отырған Еңсеп Досқалиев сынды жойқын күш пен әдіс иесі ерлерді бұрынғы батыр бабалардың сарқыты десек болады. Ал олардың ішінде бір жағы кешегі салқын саясаттың салдары, бір жағы уақыттың өтуімен ұрпақ жадынан ұмытылып бара жатқан-дары қаншама? Құдай дарытқан ерекше қажыр-қайратымен ағайын-тума, халқының қорғаны болып, жұртының жоғын жоқтаған сондай ерлердің бірі – Жетпіс палуан.

«Ұмытылып бара жатқан» дей тұрғанмен, Жетпіс палуан жайында ғаламтордағы Уикипедия – ашық энциклопедиясынан төмендегідей мәліметті кездестіруге болады.

Жетпіс Құттыбайұлы - 19 ғ. соңында Батыс Қазақстанда өмір сүрген палуан. Руы — тана. Ел аралап, күресіп, күш-қайратымен жұртшылыққа танымал болған. Қаратөбе өңірінде болған күресте жауырыны жер иіскемей, жеңімпаз атанған оған қазылар телімді жер берген. Ол жер қаз. Қоскөл ауылдық округінің аумағында.

Жетпіс палуан жайлы шежіре деректер не дейді?

Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылының тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын зейнеткер Төлеген Сафоллаұлы – Жетпіс палуан жеңісіне алған жер аумағында өсіп-өнген Тана ұрпағының бір өкілі. Аты аталған ағамыз көп жыл математика пәнінен ұстаздық еткен. Қазақ «Қанына тартпағанның қары сынсын» демей ме, табиғи қайратына қоса жасынан жанына спортты серік еткен Төлеген ағамыз жігітке тән жеті өнерге де жетік. Соның ішінде жасы жетпісті алқымдаса да, талайды таң қалдыратын қара күші – бір бөлек әңгіме. Ол Жетпіс палуанның айтулы жеңісін әкесінен естуі бойынша былай деп баяндайды:

– Әкеміз Сафолланың айтуы бойынша, үлкен шенді орыс ұлығының алдында, алқалы бір жиында орыстың ірі денелі жас, дүниежүзілік жарыстарға қатысып жүрген палуанына қазақтардан бір адам шықсын деген шарт қойылған. Және қай жеңгені жығылғанды бауыздасын деп жерге қанжар шаншып қойған. Күрестің осы шартынан және орыс палуаны тұлғасынан сескеніп, бірнеше рет күреске шақырғанда қазақтар жағынан ешкім шықпаған. Сонда Қалқаман Тана ұрпағы Жетпіс атамыз «мен шығамын» деп алға ұмтылған. Жетпіс атамыздың жасы ұлғайып, 47-48 жас шамасы екен. Сонда қарттар «сенің жасың келіп қалды ғой, жастар шықсын» деп тоқтатпақ болыпты. «Жастар шықса, олардың жолын кім байлап тұр» деп ортаға шыққан. Жетпіс атамыз кедей адам екен. Үстінде шолақ етек, шолақ жең қақпа шекпен (аттың қылы мен қара қойдың жүнінен өрмекпен тоқылған, қапшық жасайтын материал) болған. Сонда ақсақалдар Жетпістің иығына зерлі шапанын жауып, ортаға шығарады. Орыс палуаны бірнеше рет жықпақ болып, үйіріп көтеріп жерге соққан сайын аяғымен тік түсе берген. Бір мезетте Жетпіс атамыз өзіне ғана тән әдіспен, көз ілеспес шапшаңдықпен көтеріп алып жерге бір соққанда орыс палуаны есінен танып, орнынан тұра алмай қалған. Күрес шарты бойынша «бауызда» деп қолына қанжарды ұстатқанда «жазықсыз адамның қанын мойныма жүктемеймін» деп, қанжарды жерге лақтырып жіберген. Онда «қандай тілегің бар?» деп сұрағанда «аталастарыма қоныс тарлық етіп жүр, Көкөзектің бойынан бір өгіз терісіндей жер беріңіз» деген. Ұлық «жарайды, аласың» деген. «Және сыйлық беремін, қайда саласың?» деп патша алтын тиындарын ұсынғанда шекпенінің бір жақ етегін ғана тосыпты. Артынан «аға, неге шекпеніңізді толық жайып тоспадыңыз, алтын ақшаны мол алатын едік қой» дегенде, «ағайындар-ау, ең бастысы, Көкөзек бойынан қоныс алатын болдық, сол жарайды ғой» депті. Сол уақытта ата қонысымыз Өлеңті мен Сайқұдық арасындағы аймақ болған. Ол кез – казак-орыстардың Жайық бойының шұрайлы жерлерінен қазақтарды ығыстырып, малдарын «балықты үркітеді» деп, Жайық бойынан суартпай, «шабындықты таптайды» деп жайылымдардан қуып, қазақтарды қыспаққа алған кез.

Жаңа жерге келгеннен кейін де, орыс үкіметінің алым-салығы ұлғайып, оны төлеу қиындаған соң Таналар қарсы шағым жазған, «егер салық ұлғаятын болса, бұл жерден көшеміз» деп. Мәселе оң шешіліп, «салық ұлғаймайды» деген қағаз кел-генде көшеміз деп жүктерін буып отырған ауыл қуанып, жүктерін шешіп, орындарына қайта жайғасқан. Сол кезде дүниеге келген Шоңай атамыздың ұрпағы, баланың атын Қоныспай қойған. Бұл оқиға 1865-1870 жылдар шамасы. Себебі Қоныспай баласы Есжан (ауыл жанындағы көл осы кісінің атымен аталған) 1901 жылы дүниеге келген.