Тана

Сайттың мақсаты

Басты мақсат әр адамды ата-бабасының шежіресін еліміздің тарихымен байланыстыра білуге үйрету. Қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасына аса мән бергізіп, тектілікті сақтауға ұмтылу. Бүгінде отарлық саясаттың кесірінен жеті атаға дейін түгілі төртінші атасын білмейтіндер өте көп. Өкініштісі, жастар білмегендіктен қаны жақын туыстарымен некелесу жағдайлар кездесуде. Отбасылық тәрбие жүйесінің жойылуына байланысты дұрысты - дұрыс, қатені - қате дейтін ақсақалдарымызда аз.

Бұрын балабақша, мәдениет үйі, полиция, қарттар үйі, түрме, тағы басқалары бүгінгідей мемелекеттен қыруар қаржы бөліп, қызмет көрсететін орындар болған жоқ. Ағайын-туманың топтасып бірге өмір сүруі осы мәселені оң шешуге мүмкіндік берді. Әр адам өзінің жеті атасына дейін жетік біліп,  жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын қатаң сақтады. Бүгінде қазақ тектілігіне ата-бабасына қарыздар. Енді біз ұрпағымыздың алдында осы қарызымызды орнымен өтеуіміз қажет. Қазіргі кезде заманның ағымына қарай ағайын адамдар бір жерде отырмайды. Әр қайсысы өзіне қолайлы жерге қоныстанады. Себебі оның қауіпсіздігін мемлекет толық қамтамасыз етуде. Күйбің тіршілікпен жүріп көпшілік ағайынмен араласпайды, кейбірі аталастарынан тараған замандастарын тіпті жақын санамайды. Осыдан-ақ әр ұрпаққа алыстаған сайын қаны туыс адамдар жат болуда. Жат сезінген соң, екі ағайын жас қыз бен жігіт кездессе некеге отырып, отау құрулары ықтимал. Болар іс болғаннан кейін қолыңды сермегеннен пайда жоқ екендігі белгілі.

Жастардың дені ғаламторда болуына орай жоғарыда айтылған мәселелерді оң шешу мақсатында бір атадан, Танадан тараған ұрпақтың шежіресін жасақтауды жөн санадық. ШЕЖІРЕ айдарында Ким Ахметовтың «Қарға тамырлы қазақ» кітабындағы Тана руының тарату шежіресі салынды. Автордың өзі кітаптың алғысөзінде шежіреде қателер болуы мүмкін екендігін айтқан, себебі, нақты, толық жазбаша шежіре болмағандықтан, осы рудан тараған, біледі-ау  деген адамдардан жинақтап алған. Мысалы, Дос ұрпағынан тарағандарды қате берген. Оны бүгінгі ұрпақтары нақты көрсетті.   

ШЕЖІРЕ айдарына кірсеңіз, Танадан жеті ұрпақ таратылады: Жиенбет, Ахмет, Қалқаман, Асан, Бессары, Қарақұнан, Қараман. Осының әр қайсысына кірсеңіз Ким Ахметов деп жазылған. Оның ішінде осы адамның құрастырған шежіресі берілген. Оқырмандардың ішінде өз шежіресін білгенінше дұрыстап, жүйелеп жазып жібірсе, біз сол адамның атынан сайтқа шежіре бөліміне орналастырамыз. Тіпті терең білмей, бүгінгі тараған ұрпақтарын жазып жіберсеңізде болады. Болашақта барлық келген шежірелерді зерттеп, ақиқатқа сәйкестендіріп жалпы шежірені дұрыстап жазған жөн.

Тананың өзіне, не одан тараған ұрпақтарға байланысты қандай да болмасын аңыз-әңгіме, мақала, зерттеу материалдар болса жіберулеріңізді сұраймыз.   

Әр адам өзінің тікелей ата-бабасының тарихын білмесе немесе білуге ұмтылмаса, ол елдің тарихын терең түсініп, шынайы елге адал қызмет етеді дегенге күмән бар. 

Сайт әкімшілігі